ЖАҢАЛЫҚТАР
Хадиджа Исмаилованы рақымшылыққа ұсынды

Әзербайжандық журналист, Азаттықтың Әзербайжан редакциясында журналистік зерттеумен айналысқан Хадиджа Исмаилова Әзербайжан президенті жанындағы комиссия бекітетін рақымшылыққа ұсынылғандар тізіміне енді.
Тізімдегі 22 адамның арасында әзербайжандық журналистер мен құқық қорғаушылар бар. Рақымшылық жасалуы мүмкін адамдар тізіміне ұсыныстар кеше адам құқығы жөніндегі топтың бірлескен отырысында жасалған.
Баку соты 1 қыркүйекте Хадиджа Исмаилованы жеті жарым жылға соттаған. Исмаиловаға «салықтан жалтарды», «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты» және «қызмет өкілетін теріс пайдаланды» деген айыптар тағылған. Құқық қорғаушылар Әзербайжан билігі Исмаилованы биліктегі жоғары шенді шенеуніктердің, оның ішінде президент Ильхам Әлиев пен оның отбасы мүшелерінің "қаржылық қылмыстарға қатысы бар" екені туралы зерттеу материалдары үшін соттады дейді.
Исмаилова өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы оны "ар-ұждан тұтқыны" деп таныған.
Басқа да жаңалықтар
Лукашенко 16 адамға рақымшылық жариялады, арасында "экстремизм" үшін сотталғандар бар

Беларусьтің авторитар билеушісі Александр Лукашенко түрлі қылмыстар бойынша, соның ішінде "экстремистік әрекеттер" үшін де, сотталған 16 адамға рақымшылық жариялау туралы шешімді бекітті. Бұл шешім Тәуелсіздік күні қарсаңында қабылданды.
Рақымшылық жарияланғандар арасында сегіз әйел мен сегіз ер адам бар. Олардың үшеуінің жасы 50-ден асқан, екеуі – созылмалы дертке шалдыққан, біреуі – мүгедек. Тоғыз сотталушының кәмелетке толмаған балалары бар.
Бұған дейін рақымшылық және қылмыстық жауапкершіліктен босату мәселелері жөніндегі комиссияның төрайымы Ольга Чуприс 2025 жылдың алғашқы бес айында Александр Лукашенко рақымшылық туралы берілген өтініштердің 50 пайызын қанағаттандырды деп мәлімдеген. Алайда бұл мәліметті тексеру мүмкін емес, деп жазды Азаттықтың Беларусь қызметі.
Адам құқықтарын қорғайтын "Вясна" орталығының 2 шілдедегі дерегіне сәйкес, Беларусь Республикасында 1164 саяси тұтқын бар.
Бұған дейін құқық қорғаушылар 2024 жылдан бері елде 300 саяси тұтқын рақымшылыққа ілінгенін хабарлаған.
Трамп Израиль Газада 60 күндік бітім жариялауға келіскенін айтты

АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдеуінше, Израиль АҚШ-пен жүргізілген келіссөз барысында Газада 60 күнге атысты тоқтату үшін қажет шарттарға келіскен.
"Израиль атысты 60 күнге тоқтату үшін қажет шарттарға келісті. Осы уақыт ішінде біз тараптардың барлығымен бірге соғысты аяқтау жөнінде жұмыс істейміз. Бұл түпкілікті ұсынысты бейбітшілік орнатуға үлкен күш салған Қатар мен Египет жасайды", — деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Бұған қоса, Трамп АҚШ пен Еуроодақта террористік ұйым деп танылған ХАМАС тобы бұл келісімді қабылдайды деп үміттенетінін айтып, егер олай болмаса, жағдай одан сайын ушығатынын ескертті.
Трамптың бұл постына АҚШ үкіметінің бұрынғы тиімділік департаментінің басшысы, өткен айда президентпен көпшіліктің көзінше дауласып қалған миллиардер Илон Маск пікір білдірді. "Трамп әлемнің әр түкпіріндегі бірнеше ауыр жанжалды сәтті шешті", — деп жазды Маск X әлеуметтік желісінде.
Израильдің ресми өкілдері Трамптың мәлімдемесіне байланысты әзірге түсініктеме берген жоқ.
Араб елдерінің бірінен араағайын ретінде қатысып отырған өкіл The Times of Israel басылымына гуманитарлық көмекті таратуға қатысты мәселелер әлі де даулы болып тұрғанын айтты. Мысалы, ХАМАС тобы бұрынғы жүйе қайта оралғанын немесе қазіргі кезде Газа гуманитарлық қоры (GHF) басқарып отырған жүйенің орнына жаңасы құрылғанын қалайды. Израиль бұл қор палестиналық қарулы топтар көмекті иемденіп алмауы үшін қажет деп біледі.
Газада кепілде ұсталынып отырғандар мен атысты тоқтату жөніндегі келіссөздерді Трамптың Таяу Шығыс бойынша арнаулы өкілі Стив Уиткофф үйлестіріп отыр. Келіссөз барысымен таныс дереккөздердің хабарлауынша, оның ең кейінгі айтқан ұсынысы: 60 күндік бітім кезеңінде ХАМАС он тірі израильдік тұтқынды кепілден босатып, қаза тапқан 18 адамның сүйегін қайтаруы керек. Қалған тұтқындар атысты толық аяқтау жөнінде тұрақты келісім жасалған жағдайда ғана босатылады.
2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС тобы мен жақтастары Израильге шабуыл жасап, салдарынан мыңнан астам адам қаза тапты. 250-ден астам адамды ХАМАС тұтқын ретінде Газа секторына күштеп алып кетті. Кейінгі деректер бойынша, Газа секторында жихадшылардың қолында әлі 50-шақты адам қалып отыр, олардың шамамен 20-сы тірі деген болжам бар.
Қазақстанда жазасын өтеп жатқандар дәрігермен және адвокатпен телефонмен сөйлесу мүмкіндігіне ие болды

Қазақстанда сот кескен жаза мерзімін қамау мекемесінде өтеп жатқан азаматтарға адвокатпен құпия түрде сөйлесу және дәрігерден кеңес алу мүмкіндігі кеңейтілді. Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты мекемелердің ішкі тәртіп ережелеріне тиісті өзгерістер енгізілді деп хабарлады "ҚазАқпарат" агенттігі.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, жазасын өтеп жатқан азаматқа заң көмегін алу үшiн жазбаша немесе ауызша берген өтініші бойынша адвокатымен шектеусіз кездесу құқығы беріледі. Мұндай кездесу толықтай құпия жағдайда және уақыт жағынан шектеу қойылмай өткізілуге тиіс.
Бұған қоса, жазасын өтеушілер енді өз адвокаттарымен телефонмен сөйлесе алады. Ол үшін сотталған адамның жеке ісінде қорғау туралы жазбаша хабарлама болуы қажет. Колония әкімшілігі тиісті сұрау алғаннан кейін телефонмен сөйлесуді ұйымдастыруға міндетті. Бұл ретте екі тарапқа – адвокатқа да, жазасын өтеушіге де – үшінші бір тұлғаны әңгімеге тартуға тыйым салынады.
Тағы бір маңызды жайт – әңгіме барысында тіпті этика немесе мораль нормалары бұзылған күннің өзінде, егер ол заң көмегін көрсетуге қатысты болса, адвокат пен сотталған адамның телефон әңгімесін үзіп тастауға болмайды.
Медициналық көмекке қол жеткізу мәселесіне де қатысты өзгерістер бар. Дәрігер қорытындысы болған жағдайда, сотталған адамға басқа медициналық ұйымдардың мамандарына қашықтан хабарласып, кеңес алуға мүмкіндік беріледі. Бұл кеңестер түрме дәрігерінің қатысуымен өтеді, бөтен адамдардың қатысуына тыйым салынады.
Қазақстандық құқық қорғаушылар сотталған адамдардың, әсіресе шалғайда жатқан мекемелерде қамауда отырғандардың заң жағынан және медициналық көмек алуға мүмкіндігі өте шектеулі екенін айтып, бұл мәселені осыған дейін бірнеше рет көтерген. Сарапшылар бұл жаңа өзгерістерді оң қадамға балап отыр, алайда олардың нақты орындалуын қатаң бақылау қажет дейді.
Ақ үй: АҚШ Украинаға қару-жарақтың кейбір түрін жеткізуді тоқтатты

АҚШ Украинаға қару-жарақтың кейбір түрін жеткізуді уақытша тоқтатты. Мұндай ақпаратты CBS телеарнасы таратты.
Телеарна өз хабарында келтірген Ақ үй өкілінің мәлімдемесінде: "Қорғаныс министрлігі басқа елдерге көрсетілетін әскери көмекті қайта қарағаннан кейін, Американың ұлттық мүдделерін бірінші орынға қою туралы шешім қабылданды", – делінген.
CBS-тің АҚШ әкімшілігіндегі дереккөзі түсіндіргендей, мұндай шешім АҚШ-тың қару-жарақ қорларының азаюына байланысты алаңдаушылық туындағаннан кейін қабылданған.
Нақты қандай қару-жарақ түріне қатысты алаңдаушылық туғаны ресми түрде айтылмады. Бірақ Пентагон мен Конгрестегі дереккөздеріне сүйенген NBC News-тің мәліметінше, АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Украинаға зымырандар мен оқ-дәрі жіберуді уақытша тоқтата тұру жөнінде нұсқау берген. Ондай қару-жарақ қатарында Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесіне арналған зымырандар, гаубица снарядтары, Hellfire зымырандары мен "әуе-әуе" ракеталары бар деп жазды басылым.
Аталған қару-жарақтар АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденнің әкімшілігі бекіткен Украинаға көмек пакетінің құрамына енген болатын. Қару-жарақ жеткізу ісіндегі үзіліс осыдан бірнеше апта бұрын АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсеттің пәрменімен бастаған америкалық қару-жарақ қорларының жай-күйін бағалау аяқталғанға дейін жалғаспақ.
АҚШ-тың қару-жарақ қорлары Украинаға берілген көмек пен Таяу Шығыста хуситтерге қарсы операциялардан соң, Израиль мен АҚШ-тың басқа да одақтастарына Иран жасаған әуе шабуылдарын тойтару барысында белсенді қолданылғаннан кейін азайған.
Кейінгі айларда Ресейдің украин қалаларына жасаған әуе шабуылдарының күшеюіне байланысты Киев Батыстағы одақтастарына әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін көбірек беруді сұрап, үнемі өтініш айтып келеді.
Өткен аптада Гаагадағы НАТО саммитінің қорытынды баспасөз мәслихатында президент Дональд Трамп АҚШ Украинаға қосымша Patriot жүйелерін беру мүмкіндігін қарастыратынын айтқан кезде "бұл жүйелер Израильге де жеткізіледі, оларды алу оңай емес" және "олар АҚШ-тың өзіне де қажет" деп мәлімдеген.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымы Қазақстан Айдос Садықовтың қазасы жайлы үнсіз отырғанын айтты

2024 жылдың жазында Украина астанасында қастандықпен өлтірілген қазақстандық оппозициялық журналист, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовтың қаза тапқанына бір жыл толуына байланысты "Шекарасыз тілшілер"(Reporters sans frontières, RSF) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанды қылмысты тергеуде Украинамен әріптестік орнатуға үндеді.
1 шілде күні RSF сайтында "Журналисті атып кетті, мемлекет үнсіз отыр: Қазақстан Айдос Садықовтың өлтірілуіне қашан елең етеді?" деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды.
– "Шекарасыз тілшілер" Украинада қорқақ әрі пасық қастандықтың құрбаны болған, қазақ тәуелсіз журналистикасының символына айналған Айдос Садықовтың рухына тағзым етеді. Бұл қылмыс жазасыз қалмауға тиіс. Қазақстан бұл оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, кінәлілер мен олардың артында тұрғандарды табу, тұтқындау және қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Украинада жүріп жатқан алдын ала тергеуге толық көлемде көмек көрсетуге міндетті. Садықовтың жары, журналист Наталья Садықова бұл іске байланысты нақты жауаптар алуға лайық, ал оны қорқытып-үркіту дереу тоқтатылуы керек. RSF Украина билігін оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады", - деді RSF ұйымының Украинадағы аймақтық өкілі Полин Мофре.
Халықаралық ұйым марқұм күйеуінің ісін жалғастырып, "Бәсе" YouTube-арнасын жүргізіп жүрген журналист Наталья Садықованың: "Мен саясаткер емес, журналистпін. Мен бар болғаны Айдосты өлтіргендер жауапқа тартылғанын қалаймын", – деген сөзін келтірген.
2024 жылдың жазында Украина астанасында қастандыққа ұшыраған қазақстандық оппозициялық журналист Айдос Садықов 13 күн ауруханада ес-түссіз жатып, есін жимастан жан тапсырды. Былтыр 18 маусымда әйелі және үш баласымен Киевте тұрып жатқан үйіне келген Садықовты көлікте отырған жерінде киллер атып кеткен.
Украина полициясы бұл қылмысқа күдікті ретінде Қазақстанның екі азаматы – Алтай Жақанбаев пен бұрынғы полиция қызметкері Мейрам Қаратаевты атады. Садықовқа қастандық жасалғаннан кейін Украинадан шығып кеткен ол екеуінің үстінен украин билігі "тапсырыспен кісі өлтіру" бабы бойынша іс қозғаған.
Қазақстан бас прокуратурасы Жақанбаев өз еркімен елге келіп берілді деп мәлімдеді. Кейін жергілікті жаңалық сайттары оның ешқайда кетпейтіні туралы қолхат беріп, қамаудан босап шыққанын хабарлады. Ал Қаратаев туралы ақпарат жоқ. Қазір екі күдіктінің де қайда екені белгісіз.
Солтүстік Корея Ресейдің Курск өңірінде өлген сарбаздарын жерлеу рәсімін көрсетті

Солтүстік Кореяның мемлекеттік телеарнасы Ресейдің Курск облысында украин әскерімен шайқаста қаза тапқан солтүстіккореялық сарбаздарды жерлеу рәсімінен бейнекөріністер көрсетті, деп жазды Оңтүстік Кореяның "Ренхап" агенттігі.
Марқұмдарды жерлеу кезінде түсірілген фотосуреттер Солтүстік Корея мен Ресей арасында жан-жақты стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойылғанына бір жыл толуына арналған гала-концертте көрсетілген.
Бейнекадрларда Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын табыттардың бірін тумен жауып жатқан сәт бейнеленген. Концерт барысында солтүстіккореялық сарбазға тиесілі деп сипатталған, қан дақтары қалған қойындәптер де көрсетілген.
Агенттік суреттердегі шараға қатысушылар қыстық киім кигеніне қарап, бұл жерлеу рәсімі бірнеше ай бұрын өткен болуы мүмкін деуге негіз береді деп жазды.
Гала-концертке Ресей Федерациясының мәдениет министрі Ольга Любимова да қатысқан. Ол қазір Пхеньянда ресми сапармен жүр.
• 2024 жылдың күзінен бастап Оңтүстік Кореяның барлау қызметі мен Батыс елдерінің арнаулы қызметтері Солтүстік Корея 10 мыңнан астам сарбазын Ресейге көмекке жібергенін хабарлаған. Ол сарбаздар кейін Украина қарулы күштеріне қарсы соғысқа қатысқан. Солтүстік Корея әскері айтарлықтай шығынға ұшырағаны, сондай-ақ кейбірін Украина қарулы күштері тұтқынға түсіргені айтылды.
• 2025 жылдың сәуір айының аяғында ресейлік әскери басшылық пен президент Владимир Путин Курск облысындағы шайқастарға Солтүстік Корея жауынгерлері қатысқанын ресми түрде мойындады. Кейінірек Солтүстік Корея Ресей армиясына қосымша әскер жіберуі мүмкін деген ақпарат тарады.
АҚШ ресейлік "Аеза Групп" IT-компаниясына санкция салды

АҚШ қаржы министрлігі ресейлік "Аеза Групп" IT-компаниясы мен оның басшылығына қарсы санкциялар енгізілгенін хабарлады. Министрлік шектеу шаралары аталған компанияның "АҚШ-та және бүкіл әлемде кибершабуылдан зардап шеккендерге бағытталған киберқылмыс әрекеттерді қолдаудағы рөліне байланысты" қабылданды деп мәлімдеді.
Хабарламада компания киберқылмыскерлерге әшкере болудан жалтаруға көмектесетін арнаулы серверлер мен басқа да компьютерлік инфрақұрылымдар сатумен айналысатыны айтылған.
Санкцияға "Аеза Групп" IT-компаниясының негізін салушы Арсений Пензев, бас директоры Юрий Бозоян, техникалық директоры Владимир Гаст және компанияның ортақ меншік иесі Игорь Князев ілінді.
Бұған қоса компанияның Ұлыбританиядағы филиалына – Aeza International және Ресейдегі екі еншілес ұйымына – "Аеза Логистик" пен "Облачные решения" жауапкершілігі шектеулі серіктестеріне де шектеу енгізілген.
Биыл сәуір айында Мәскеу соты Юрий Бозоян мен компанияның тағы бірнеше қызметкерін қылмыстық ұйым құрған, оған қатысқан және өзге де қылмыстар жасаған деген күдікпен қамауға алған. Сол кезде Арсений Пензев те тұтқындалған, оған қылмыстық ұйымға қатысуға жәрдемдесті және есірткі сатуға талпынды деген айып тағылған.
Сол кезде Baza телеграм-арнасы "олар атышулы BlackSprut есірткі дүкенін "қамқорлығына алғаны" үшін ұсталған" деп жазған еді. Арнаның мәліметінше, күдіктілер дүкен жұмысына техникалық база ұсынған.
Путин мен Макрон кейінгі үш жылда алғаш рет өзара телефонмен сөйлесті

Ресей президенті Владимир Путин мен Франция президенті Эммануэль Макрон 2022 жылдың қыркүйегінен бері алғаш рет өзара телефонмен сөйлесті.
Ресейдің сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, екі президент Иран мен Израиль арасындағы қақтығысты, Иранның ядролық нысандарына АҚШ жасаған әуе шабуылын, сондай-ақ Украинадағы соғысты талқылаған.
Путин [Украинадағы қарулы] жанжалға Батыс елдерінің саясатын кінәлап, олар көп жыл бойы Ресейдің қауіпсіздік мүдделерін елемей, Украинада "Ресейге қарсы плацдарм" құрды әрі "Украинаның орысша сөйлейтін азаматтарының құқықтары бұзылғанына көз жұма қарады" деп сөккен. Бұған қоса Путин Батыс елдерін Киевке қару беріп, қақтығысты ұзартуға үлес қосып отыр деп айыптаған.
Франция президентінің баспасөз қызметі екі сағатқа созылған телефон әңгімесі барысында Макрон Украинаның аумағында атысты тоқтатып, соғысты аяқтау туралы бейбіт келіссөз бастауға шақырғанын хабарлады. Әңгіме кезінде Макрон "Франция Украинаның егемендігі мен аумағының тұтастығына айнымас қолдау танытатынын нықтап айтқан". Ресми ақпаратта Макрон мен Путин пікір алмасуды жалғастыруға ниетті екені де айтылған.
АҚШ сенаты Трамптың "Үлкен әрі керемет" бюджетін мақұлдап, оны Өкілдер палатасына қайта жолдады

АҚШ сенаты бір күннен астам уақытқа созылған талқылаудан кейін, президент Дональд Трамп ұсынған "Үлкен әрі керемет" бюджет туралы заң жобасын аз ғана басымдықпен мақұлдады, деп хабарлады ВВС. Сенаттағы 100 орынның 53-ін республикалық партия иеленіп отырғанына қарамастан құжатты қабылдау оңғайға түскен жоқ: жобаны 50 республикашыл сенатор мен дауыс тең түскен жағдайда шешуші дауысқа ие болатын вице-президент Джей Ди Вэнс қолдады.
Мұндай нәтижеге қол жеткізу Аляска штатынан сайланған сенатор Лиза Муркаускиді соңғы сәтте көндіре алғаннан кейін ғана мүмкін болды. Әуелгіде ол құжатты қолдауға құлықсыз болған еді.
Сенаттағы демократтардың бәрі және үш республикашыл сенатор – Мэн штатынан сайланған Сюзан Коллинз, Солтүстік Каролинадан сайланған Том Тиллис бен Кентуккиден сайланған Рэнд Пол – бюджет жобасына қарсы дауыс берді.
Жобаны талқылау кезіндегі пікірсайыс барысында сенаторлар бюджетке бірқатар түзету енгізді, сондықтан енді оны қайтадан Өкілдер палатасы бекітуі керек. Ол палатада республикашылдар басымдығы Сенаттағыдан да аз болғандықтан бюджет жобасының болашағы әзірге белгісіз қалып отыр деп жазды ВВС.
Әйткенмен, Өкілдер палатасы бюджет бойынша талқылау мен дауыс беруді сәрсенбі күні өткізуді ұйғарды, деп хабарлады Reuters.
Бұл заң жобасына әртүрлі саяси тараптардан айтылып жатқан сын көп: солшылдар оны ең мұқтаж америкалықтар үшін маңызды әлеуметтік бағдарламаларға (мысалы, аз қамтылған жандарға медициналық көмек көрсететін Medicaid, азық-түліктен жәрдемдесетін food stamps) бөлінетін қаржыны қысқартқаны үшін, ал оңшылдар жобаны мемлекеттік қарызды күрт ұлғайтатын шектен тыс шығындар үшін сынға алды.
Бұған дейін президент Дональд Трамп бұл бюджетке Тәуелсіздік күніне (4 шілде) дейін қол қоюға дайын екенін мәлімдеп, заң шығарушыларды құжатты жылдам қабылдауға үндеген еді. Алайда, сейсенбі күні ол аталған мерзімге дейін үлгеру "өте қиын" болатынын мойындады.
Екатеринбургте әзербайжан диаспорасының басшысын ұстап, кейін босатты

Ресейдің Екатеринбург қаласында "Әзербайжан-Орал" ұйымының басшысы Шахин Шихлинский ұсталған. Бұл ақпаратты әзербайжан диаспорасы жетекшісінің ұлы, адвокат Мутвалы Шихлинскийдің сөзіне сүйеніп, УРАЛLIVE телеграм-арнасы жариялады.
Оның айтуынша, ұсталмас бұрын әкесін терезесі күңгірт көлік мінген әлдебіреулер аңдыған. Baza телеграм-арнасының дерегінше, Шахин Шихлинскийді "Баку Плаза" сауда орталығының маңында ұлымен қоса ұстаған, бірақ кейін ұлын босатқан.
"Маған қарай бірнеше автозак жетіп келді. Ішінен, менің білуімше, Ресей ФСБ-сының (қауіпсіздік қызметі - ред.) қызметкерлері шықты. Олар көліктің терезесін шағып, бізге тапанша кезеніп, "шық!" деп бұйырды. Әкем екеуіміз көлікте отырғанбыз. Біз, әрине, еш қарсылық көрсетпей, көліктен шықтық. Бізді асфальтқа жатқызып, кейін автозакқа тиеп, белгісіз жаққа алып кетті. Кейін мені босатты, ал әкемді, менің білуімше, Свердлов облысы бойынша Ресей Тергеу комитеті басқармасына апарған", – деген Мутвалы Шихлинский.
Жауап алғаннан кейін Шахин Шихлинскийді босатқан, ол куәгер мәртебесінде қалды. Бұл істің егжей-тегжейі әзірге белгісіз.
Сол күні Воронеж қаласында полиция қызметкерлері әзербайжандық кәсіпкер Юсиф Халиловтың үйіне барған. Baza дерегінше, "Ярды Superbar" мейрамханасының қожайыны Халиловты Алексеев базарының ортақ меншік иесі деп те атайды.
Хабарларға қарағанда, құқық қорғау органдары Шихлинскийден бірнеше күн бұрын, Екатеринбургте рейд өткен кезде жауап алған. Сол рейд барысында тегі әзербайжан 50-ден астам адам ұсталған. 2001 жылы болған кісі өлтіру қылмысына байланысты күдікке ілінген ағайынды екі адам – 60 жастағы Гусейн мен 55 жастағы Зияддин Сафаровтар қаза тапты. Оған қоса рейд кезінде тағы екі адам қатты зардап шеккен.
Кейінірек Екатеринбург соты рейд кезінде ұсталған бес адамды тергеу абақтысына қамауға санкция берді. Тергеу долбары бойынша, олар 2001, 2010 және 2011 жылдары Екатеринбург аумағында жасалған бірнеше кісі өлтіру мен адам өлтіруге оқталу қылмыстарына қатысы бар деген күдікпен ұсталған.
Ресми Баку Мәскеуден әзербайжан диаспорасы өкілдеріне күш қолданғандарды жауапқа тартуды талап етті. Әзербайжанның Бас прокуратурасы азаптау және ерекше қатыгездікпен жасалған қасақана кісі өлтіру баптары бойынша қылмыстық іс қозғағанын жариялады.
Екатеринбургтегі полиция рейдінен кейін Әзербайжан билігі ел аумағында Ресейдің мемлекеттік және жекеменшік мекемелері ұйымдастырмақ болған барлық мәдени іс-шараларға тоқтау салды. Оған қоса Әзербайжанның парламенттік делегациясы Ресей заң шығарушыларымен бірге қатысады деп жоспарланған Мәскеудегі жиынға барудан бас тартты.
Әзербайжан полициясы Бакуде есірткіге қатысты іс бойынша бір топ ресейлікті ұстаған

Әзербайжан ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Бакуде Ираннан есірткі тасымалдап, оны интернет арқылы сатумен және кибералаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері деген күдікпен бірнеше адамды ұстаған.
1 шілде күні Report.az агенттігі алған ақпаратына сүйеніп, ұсталған адамдар – Ресей азаматтары деп хабарлады. Агенттік жариялаған фотоларда жерде жатқан адамдарды қолына кісен салғаннан кейін көшеде әкетіп бара жатқаны көрсетілген.
Ұсталғандардың бірі – үй қызметін көрсететін Airo онлайн платформасының ортақ меншік иесі әрі бас директоры Антон Драчев. Бұл стартапқа МТС венчурлық қоры инвестиция салған деп жазды "Агентство" және "Важные истории" басылымдары. Драчевтің анасы ұлының ұсталғанын растады деп хабарлады "Агентство".
Екінші күдікті – Санкт-Петербургтегі ИТМО университетінің түлегі, 30 жастағы Дмитрий Безуглый деген болжам айтылды. "Важные истории" басылымының дерегінше, ол бұрын VK және Яндекс компанияларында программист болып жұмыс істеген. 2022 жылдың қыркүйегінде Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін елден кеткен.
Сейсенбі күні кешке Баку соты ұсталған сегіз адамның бәрін төрт айға қамау туралы шешім шығарғаны белгілі болды. Сот залында түсірілген суреттерден күдіктілердің беті ісіп, көгеріп қалғаны байқалады.
Дүйсенбі, 30 маусым күні Әзербайжандағы Кремльге жақын "Sputnik Әзербайжан" басылымының редакциясына полиция тінту жүргізген. Осы оқиға аясында бірнеше адам ұсталған. ІІМ алаяқтық, заңсыз кәсіпкерлік және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Ресейдің сыртқы істер министрлігі Әзербайжан елшісін шақыртып, "Бакудің достыққа жат әрекеттеріне және журналистердің заңсыз ұсталуына" байланысты наразылық білдірді.
Бұл оқиғалар 27 маусым күні Ресейдің Екатеринбург қаласында әзербайжан диаспорасы өкілдерін жаппай ұстағаннан кейін Мәскеу мен Баку арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп кеткен шақта өрбіп отыр. Екатеринбургтегі ұстаулар барысында екі әзербайжан азамат қайтыс болған.
Ресейдің Нижегород облысында Су-34 әскери ұшағы құлады

1 шілде күні түс мезгілінде Ресейдің Нижегород облысында оқу-жаттығу кезінде Су-34 жойғыш ұшағы құлаған. Мұны Ресейдің қорғаныс министрлігінің дерегіне сүйеніп, "Интерфакс" агенттігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, әскери ұшақ қонуға бет алған сәтте шассидің бір тірегін шығару жүйесінде ақау пайда болған. Экипаж мүшелері дер кезінде катапультті іске қосып, ұшақтан секіріп үлгерген. Екі ұшқыш та аман қалған.
"Қару-жарақсыз ұшып жүрген ұшақ елді мекендерден аулаққа, адам жоқ жерге құлады. Жерде ештеңе қирап-бүлінбеген", – деп мәлімдеген Ресей қорғаныс министрлігінің өкілдері.
Оған дейін Baza телеграм-арнасы әскери ұшақ Кулебаки қаласы маңына құлады деп жазған.
• Кейінгі бір жылдан сәл астам уақыт ішінде осымен үшінші Су-34 әскери ұшағы әуеден жерге құлап отыр. Былтыр маусым айында Солтүстік Осетияның таулы аймағындағы жоспарлы оқу-жаттығу кезінде Су-34 ұшағы апатқа ұшырап, екі ұшқыш та қаза тапқан. Ал 2024 жылдың шілдесінде тағы бір Су-34 ұшағы Волгоград облысы аумағына құлады – оқыс оқиға жаттығу кезінде болған. Сол кезде де экипаж мүшелері катапультпен секіріп, аман қалған еді.
Баку соты "Sputnik Әзербайжан" агенттігінің басшысы мен редакторын төрт айға қамады

Сейсенбі, 1 шілде күні Баку соты "Sputnik Әзербайжан" агенттігінің басшысы Игорь Картавых пен шеф-редакторы Евгений Белоусовты төрт ай мерзімге қамауға алу жөнінде шешім шығарды, деп хабарлады Әзербайжанның APA ақпарат агенттігі.
Содан бір күн бұрын Әзербайжан полициясы қызметкерлері "Sputnik Әзербайжан" редакциясына тінту жүргізіп, жеті адамды ұстаған. APA мәліметінше, алаяқтық, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ресейлік "Россия сегодня" медиатобының бас редакторы Маргарита Симоньян бұл айыптауларды "мүлдем ойдан шығарылған" деп атады. "Sputnik Әзербайжан" осы медиатоптың құрамына кіреді.
Ақпан айында Әзербайжан сыртқы істер министрлігінің өкілі Айхан Гаджизаде "Sputnik Әзербайжан" агенттігі жабылғанын мәлімдеп, бұл медиа ұйымның тек бір тілшіге аккредитация алуға мүмкіндігі барын айтқан. Әзербайжан ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, агенттіктің аккредитациясы тоқтатылғанына қарамастан, редакция "заңсыз қаржыландырылып", жұмысын жалғастыра берген.
• Әзербайжан мен Ресей арасындағы қатынастар 27 маусымда Екатеринбург қаласында тегі әзербайжан 50-ден астам адам ұсталып, екі адам қаза тауып, тағы екеуі ауыр жарақат алған оқиғадан кейін ушығып кетті. Баку Ресейден оқиғаға кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.
• Ресейдің сыртқы істер министрлігі Екатеринбургте ауыр қылмыстарды тергеу аясында күдіктілер ұсталған, құқық қорғау органдары жағдайды бақылап отыр деп мәлімдеді. Министрліктің ресми өкілі Мария Захарова бұл істер 2001, 2010 және 2011 жылдары жасалған кісі өлтіру қылмыстарымен байланысты деп нақтылады.
Ресей қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Тимур Иванов 13 жылға сотталды

Мәскеу қалалық соты 1 шілде күні Ресей қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Тимур Ивановты қаржы жымқыру және қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру қылмыстарын жасағаны үшін айыпты деп танып, 13 жылға бостандығынан айыруға үкім шығарды. Иванов жазасын жалпы тәртіптегі қамау мекемесінде өтейді.
Сот Ивановқа 100 миллион рубль көлемінде айыппұл салып, оны мемлекеттік наградаларынан – II дәрежелі "Отанға сіңірген еңбегі үшін" орденінен және "Ресейдің құрметті құрылысшысы" атағынан айырды.
Осы іспен байланысты екінші айыпталушы – ресейлік "Оборонлогистика" компаниясының бұрынғы басшысы Антон Филатов 12 жарым жылға бостандығынан айырылып, сот оған да айыппұл салды.
Ивановтың адвокаттары "Интерфакс" агенттігіне сот үкіміне келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеген.
Ресейлік РБК басылымының хабарлауынша, сот үкіміне сәйкес, айыпталушылардың Керчь өткеліне арналған паромдар сатып алу кезінде 216,6 миллион рубльді заңсыз иемденіп кеткені, сондай-ақ банкротқа ұшыраған "Интеркоммерц" банкіне тиесілі 3,9 миллиард рубльді жымқырып, заңдастырғаны дәлелденген.
Қосымша жаза ретінде сот прокуратураның өтінішін қанағаттандырып, бұрынғы вице-министрдің құны 2,5 миллиард рубльден астам деп бағаланған мүлкін тәркілеу жөнінде шешім қабылдады. Ол мүліктерге Рублёв тас жолындағы жер телімдері, автокөліктер және банк шоттарындағы қаражат та кіреді.
• Сот бұл қылмыстық істі қарауға наурыз айында кіріскен. Екі айыпталушы да өздеріне тағылған айыпты мойындамады. Прокуратура өкілдері соттан 49 жастағы Тимур Ивановты 14,5 жылға, ал Антон Филатовты 14 жылға қамауды сұраған.
• Тимур Иванов 2024 жылдың сәуір айынан бастап қамауда отыр. Бұл істен бөлек оған аса ірі көлемде пара алған деген екі эпизод бойынша да айып тағылған. Ол істер бойынша үкім әлі шыққан жоқ.
Екі әзербайжандықтың қазасына қатысты Ресейде және Бакуде жасалған сараптамалар сәйкеспейді

Ресейдің Екатеринбург қаласында қаза тапқан әзербайжандық ағайынды Гусейн мен Зияддин Сафаровтардың сүйектеріне Бакуде жүргізілген сараптама олардың өліміне денеге түскен көптеген жарақаттың ауыр салдары себеп болғанын көрсеткен. Әзербайжанда жасалған қорытынды Ресейде жасалған сараптама қорытындысымен сәйкеспейді. Бұл туралы 1 шілде күні өткен баспасөз мәслихатында Әзербайжан денсаулық сақтау министрлігінің сот-медицина сараптамасы және патологиялық анатомия бірлестігінің бас директоры Әдалат Гасанов мәлімдеді.
"Ағайындылардың ешқайсысы өткір затпен я атыс қаруымен өлтірілмеген, оларды доғал затпен ұрып-соққан", – деген Гасановтың сөзін әзербайжандық APA ақпарат агенттігі келтірген.
Сарапшының айтуынша, ағайындылардың сүйегі бірлестікке 30 маусым күні кешке жеткізілген. Тексеру түн ортасында аяқталған.
Әзербайжан Бас прокуратурасы 60 жастағы Гусейн мен 55 жастағы Зияддин Сафаровтардың өліміне байланысты азаптау және ерекше қатыгездікпен жасалған қасақана адам өлтіру баптары бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.
Екатеринбург қаласында "Каспий" мейрамханасының иелері ағайынды Сафаровтар 27 маусымда жергілікті құқық қорғау органдары жүргізген рейд кезінде әзербайжан диаспорасының басқа да өкілдерімен бірге ұсталған. Свердлов облысы бойынша Тергеу комитетінің баспасөз қызметі сол күні құқық қорғау органдары "этнос өкілдерінен тұратын топтың әрекетінің алдын алды" деп мәлімдеді. Тергеу нұсқасы бойынша, олар 2001, 2010 және 2011 жылдары Екатеринбургте жасалған бірқатар кісі өлтіру және кісі өлтіруге оқталу қылмыстарына қатысы бар деген күдікпен ұсталған.
Әзербайжанның сыртқы істер министрлігі рейдтен кейін ұсталғандар арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар деп мәлімдеп, зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысы бар адамдарды жауапқа тартуды талап етті. Кейінірек Ресейдің Тергеу комитеті ұсталғандардың бірі, алдын ала болжам бойынша, жүрегі қысып қайтыс болған, ал екіншісінің ажалының себебі әлі анықталып жатыр деді.
28 маусым күні Ресей федерациясы Тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин Свердлов облыстық басқармасына әзербайжан азаматтарының ұсталуына және екі адамның қаза табуына қатысты егжей-тегжейлі есеп беруді жүктеді.
1 шілде күні Екатеринбургтегі Ленин аудандық соты 2001-2011 жылдар аралығында жасалған кісі өлтіру істері бойынша айып тағылғандардың бірі Бакир Сафаровты тергеу абақтысына қамау туралы шешім шығарды, деп хабарлады "Медиазона" тілшісі. Басылымның мәліметінше, 29 маусым күні қалалық сот тағы үш адамды – Мазахир, Аяз және Акиф Сафаровтарды қамауға алған. Олардың бірінің адвокаты журналистерге берген сұхбатында қорғауындағы адамды құқық қорғау органы қызметкерлері ұстаған кезде қабырғасын сындырғанын айтқан.
Екатеринбургтегі полиция рейдінен кейін Әзербайжан билігі ел аумағында Ресейдің мемлекеттік және жекеменшік мекемелері ұйымдастырмақ болған барлық мәдени іс-шараларға тоқтау салды. Оған қоса Әзербайжанның парламенттік делегациясы Ресей заң шығарушыларымен бірге қатысады деп жоспарланған Мәскеудегі жиынға барудан бас тартты.
30 маусым күні таңертең Әзербайжанда полиция Ресей үкіметін қолдайтын "Sputnik Әзербайжан" ақпарат агенттігінің кеңсесінде тінту жүргізді. Тінтуден кейін құқық органдары бас редактор Игорь Картавых пен шеф-редактор Евгений Белоусовты ұстаған. Әзербайжан басылымдары ұсталған екі адамның Ресейдің федерациялық қауіпсіздік қызметімен (ФСБ) байланысы болуы мүмкін деп жазды, бірақ ресми түрде расталған ондай ақпарат жоқ.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 1 шілде күні ресейлік азаматтардың Әзербайжанда қамауға алынуы "Мәскеу мен Бакудың арасындағы қатынастар рухына және жалпыға ортақ ережелерге сай келмейді" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, Мәскеу Әзербайжанда ұсталған ресейліктер жақын арада тікелей байланыстардың көмегімен босатылады деп үміттенеді.
Сейсенбі күні Ресейдің сыртқы істер министрлігі Әзербайжанның Ресейдегі елшісі Рахман Мустафаев министрлікке шақыртылғанын және "Баку тарапынан жасалған достыққа жат әрекеттерге" байланысты наразылық елшіге жеткізілгенін хабарлады. Мәскеу Картавых пен Белоусовты дереу босатуды талап еткен.
• Ресей мен Әзербайжан арасындағы екіжақты қатынастар былтыр желтоқсанда Бакуден Грозныйға ұшып шыққан "Әзербайжан әуе жолдары" компаниясының жолаушы ұшағы Қазақстан аумағына құлағаннан кейін ушығып кеткен еді. Жиынтығы 38 адам қаза тапқан апаттың негізгі себебі ретінде ұшақ фюзеляжына Грозный аспанында зениттік зымыран бөлшектері тиіп, зақым келтіргені аталды. Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Баку бұл оқиғаны қасақана жасалған әрекет деп санамайтынын, бірақ жауапкершілік "Ресей өкілдерінің мойнында" екенін мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР