Элитааралық тартысты бақылау. Антикорды ҰҚК-ге қосудың астары қандай?

30 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратып, оны Ұлттық қауіпсіздік комитете қосты. Енді арнайы қызметтің құрамында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмыс істейді. Бұл жемқорлықпен күреске қалай әсер етеді?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылды . Яғни, жеке орган ретіндегі статусын жоғалтты. Осылайша Ұлттық қауіпсіздік комитеті енді жемқорлықпен де күресу міндетін өзіне алып отыр. Бұл комитет күшейе түсті дегенді білдіре ме? Одан қандай да бір қауіп бар ма?

Өзгеріс толық жүзеге асырылуына екі ай уақыт кетеді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бір айдың ішінде президентке жаңа қызмет пен штат саны бойынша ұсыныс жіберуі керек. Ал үкімет 1 қыркүйекке дейін мәжіліске осы өзгеріс туралы тиісті заң жобасын ұсынуға тиіс.

Антикордың функциясы мен өкілеттіктері түгелдей ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілмейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, яғни, заңға қайшы әрекеттер мен себептерін азайту, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстары Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне өтеді.

ШЕШІМНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Қасым-Жомарт Тоқаев 1 шілде күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұрынғы төрағасы Асхат Жұмағалиға белсенді әрі нәтижелі жұмысы үшін ризашылығын білдірді. Президент бұл өзгеріс "мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттырады" дейді. Ол мұндай шешім қабылдауына нақты не себеп болғанын ашып айтпаған. Мәжіліс депутаты Константин Авершин "бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жүйесінде жұмыс істеген және оң нәтижесін көрсеткен" дейді. Депутаттың сөзінше, бұл міндетті комитеттен алып тастау қателік болған, "өйткені агенттік пен комитет міндеттері қайталана бастаған".

"Совет Одағы ыдыраған соң бізде сыбайлас жемқорлықтың қауіпті деңгейге жеткені есімізде. Сол кезде билік өкілдері арасындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарымен күресетін арнайы "С" басқармасы құрылған еді. Қазіргі өзгерістер соған ұқсас қадам болуы мүмкін. Егер мақсат "ведомствоны күшейту" деп қойылса және жай ғана ресурстар сонда бағытталса, нәтиже болмайды. Нақты мақсат — сыбайлас жемқорлықпен күресу, оның көріністерін азайту болуы керек" деді депутат ҚазАқпарат агенттігіне.

Бұл жаңалықты "Қалқан" криминологиялық аналитика орталығының бас директоры Хәкім Көшқалиев те оң өзгеріске балайды. Ол 2018 жылы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі офицері, кейін штаб басшысы қызметтерін атқарған. 2019-2021 жылдары Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментін басқарған.

– Қазір мынау сыбайлас жемқорлық мәселесі қоғамда күрделі болып тұр деп санап отыр мемлекет. Сондықтан сол күрделі мәселе ҰҚК арқылы, соның функциясы арқылы шешілген дұрыс бола ма деген ой ғой неігізінде. Комитеттің ол үшін техникалық та, ұйымдастыру да басқа да [мүмкіндіктері] жеткілікті. Бұрыннан келе жатқан жақсы мамандары да бар, – дейді Хәкім Көшқалиев.

Жемқорлық мәселесін қозғап жүретін қоғам белсендісі, саясаттанушы Санжар Боқаев агенттікті комитетке қосқан соң жедел тергеу жұмыстарының сапасы артуы мүмкін екенін айтады. Бірақ бұл шешімнің қауіп-қатері де бар дейді ол.

Саясаттанушы Санжар Боқаев

– Ұлттық қауіпсіздік комитеті ертең осы жемқорлықпен күрес дегенді оппозицияны қудалауда, жақсы жұмыс істеп жатқан шенеуніктерді алып тастауда немесе элитаралық тартыста құрал ретінде пайдаланбай ма деген қауіпті ұмытпауымыз қажет, – деді ол Азаттыққа. – Дамыған елдердің тәжірибесіне қарайтын болсақ, жемқорлықпен күресетін құзырлы органдар тәуелсіз, тіпті президентке де бағынбайды. Осылай жұмыс істегенде ғана коррупцияны жеңуге болады.

"МЕМЛЕКЕТ ІШІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТ"

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис кез келген бюрократиялық жүйе өзінің тиімділігін арттыру үшін қайта ұйымдастырылып жататынын айтады.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис

– Есіңізде болса, бұған дейін алдын ала тергеумен прокуратура айналысқан. Содан кейін мемлекеттік тергеу комитетін жеке ведомство ретінде құруға тырысты. Кейін бұл тергеуді Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, жемқорлыққа қарсы агенттікке қалдырды. Алғашында ол салық полициясы аталды, содан кейін қаржы полициясына айналды. Содан кейін қамау орындар жүйесімен дәл сол жағдай болған: оны Ішкі істер министрлігінен шығарып, Әділет министрлігіне берді, ал 2011 жылы қайтарып алды. Яғни, мемлекеттік машинаның бұл әрекеттері белгілі бір логикаға сай: әр түрлі орган қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған қайта ұйымдастыру шарасы жүріп тұрады, – дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жемқорлық индексі – 2024. Қазақстан бір ұпай артық алып, 5 орынға көтерілді. Сыры неде?

Құқық қорғаушы бір мекемеге тым көп өкілет беру "мемлекет ішіндегі мемлекет" сияқты құрылымның пайда болуына ықпал етеді деп есептейді. Оның сөзінше, жүйені әртүрлі органдарға бағынатын дербес бөлімдерге бөлу сол мекемелердің бірін-бірі тежеп, бақылап отыруына ықпал етеді. Бірақ кейде бұл оларды басқару мен бақылауды қиындатады, ал басқару жүйесін нығайту үшін көптеген бөлімді бір төңіректе біріктіру талпыныстары жасалады.

– Бәрін бір орынға жинағанда монополияға айналу қаупі пайда болады, яғни көп билік пен күш бір органға шоғырланғаны қауіпті. Өйткені "мемлекет ішіндегі мемлекет" құрылып, өз бетінше әрекет етуі мүмкін. Сондықтан әрбір реорганизацияның өз логикасы мен сын-қатері бар. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне парақорлықпен күрес агенттігі де қосылды, яғни өкілеті күшейді. Комитет бұрыннан-ақ экономика және ұлттық қауіпсіздік бағытында әрекет ететін. Енді оған мемлекеттік аппаратты бақылау да қосылып отыр. Ал парақорлық негізінен мемлекеттік аппаратпен байланысты. Сондықтан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа мүмкіндіктері қосымша қауіп деп айтуға болады. Одан пайда бар ма? Бар да шығар. Дегенмен, зияны да бар, – дейді құқық қорғаушы.

Жовтистің айтуынша, кез келген орталықталған вертикалды саяси жүйеде бір органға көп құзырет беру ондағылардың билікке ие болу ниетін тудыруы әбен мүмкін.

– ҰҚК, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік пен Бас прокуратура үкімет құрамына кірмейді. Олар тікелей президентке бағынады. Енді, міне, олардың екуі бірікті. Бұл не деген сөз? Агенттік тәуелсіз құрылымға айналды немесе жеткілікті дәрежеде тиімді жұмыс істей алмады. Авторитарлық саяси жүйелерде құқық институттары әрдайым саяси сипатқа ие мекеме болады. Заң саяси мүдделерге икемделіп қолданылады. Сондықтан мұндай институттар саяси мақсатта қолданылуы мүмкін, бұл біздің өткенімізден белгілі. Олар тек саяси мақсатта ғана емес, кланаралық не элитааралық тартыста да қолданыла алады. Бұл олардың саяси ықпалының зор екенін көрсетеді, – дейді сарапшы.

"ҰҚҚ – ЕҢ ЖАБЫҚ КҮШТІК ҚҰРЫЛЫМ"

Осыған ұқсас пікірді саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт те айтып отыр. Саясаттанушы осыған дейін қызметі туралы бірде-бір рет ашық есеп бермеген Ұлттық қауіпсіздік комитеті енді жемқорлыққа қарсы күрес туралы ақпаратты да құпияландырып тастауы мүмкін деп қауіптенеді.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт

– Бұл Ұлттық қауіпсіздік комитетінің күштік құрылымдар иерархиясында ең жоғарғы сатыға шыққанын білдіреді. Қаңтар қырғынынан кейін ҰҚК күштік құрылымдар арасында Кәрім Мәсімовтің кезіндегідей басымдықтан айырылған сияқты болып көрінген. 34 жылдық тарихымызға қарайтын болсақ, Ішкі істер министрлігі, ҰҚК және осы Антикор бар – осы үш күштік құрылымның арасында президенттің назарына деген бәсеке болатын. Енді Антикор ҰҚК құрамына кірген соң, комитет күштік құрылымдардың ішінде басым күш болады және президент те бұрынғыдай үш күштік құрылым арқылы емес, ҰҚК арқылы ішкі істер министрлігін де, шенеуніктер аппаратын да, ірі бизнесті де бақылауға алуды көздеп отырған сияқты, – деді саясаттанушы Азаттыққа.

Саясаттанушының айтуынша жемқорлықпен күрес агенттігін комитетке қосуда екі мәселе барын айтады. Біріншісі – ашықтық, екіншісі – есептілік.

– Ұлттық қауіпсіздік комитетін күштік құрылымдардың ішіндегі ең жабық ұйым деп атауға болатын шығар. Қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК басшыларының соты жабық түрде өтті. Осының өзі біздің саяси жүйеде ҰҚК билік үшін қаншалық маңызды екенін көрсетеді. Сондай-ақ, бізде ешқандай күштік құрылым қоғам алдында да, парламент алдында да толық есеп береді деп айта алмаймыз. Иә, ҰҚК төрағасын тағайындайтын кезде президент сенатпен ақылдасады. Бірақ біз осы уақытқа дейін ҰҚК-нің сенатқа келіп өз жұмысы есеп беріп жатқанын көрген жоқпыз, – дейді Шалқар Нұрсейіт.

КГБ МҰРАГЕРІ

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің негізгі функциялары: мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризммен, тыңшылықпен күрес, сыртқы барлау, шекараны қорғау, экстремизм және ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылмен айналысу және мемлекеттік құпияларды қорғау. Бұл орган – Совет Одағындағы КГБ-ның мұрагері. 1992 жылы 13 шілдеде Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті болып қайта құрылды.

Your browser doesn’t support HTML5

Мәсімов қай елдің "агенті?"

2010 жыл комитет құрылымында елеулі реформа жасалды. Терроризмге қарсы күрес пен діни экстремизмге қарсы бөлімшелердің жұмысы күшейтілді және сол жылы қаржы-экономикалық қауіпсіздікке, оның ішінде жоғары лауазымды тұлғалардың жемқорлық әрекеттеріне қарсы күреске басымдық берілді. Бірақ органның жемқорлықпен күрес қызметі тек 2014 жылға дейін жалғасты. 2014 жылы бұл қызмет Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке берілді.

ҰҚК-нің қызметі негізінен жабық, парламентке немесе қоғамға есеп беру деңгейі төмен саналады. Азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылар комитеттің жұмысын көбірек ашық ету, парламенттік бақылау механизмдерін енгізу қажет екенін бірнеше рет көтерді. Комитеттің шығыны жыл сайын өсіп жатыр. Былтыр ұлттық қауіпсіздікті қаматамасыз ету үшін республика бюджетінен 578 млрд теңге, 2023 жылы 541 млрд теңге, 2022 жылы 419 млрд, 2021 жылы 347 млрд теңге бөлінген.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті тарихында басшылық құрамның басы бірнеше рет дауға қалған. Әр жылдары комитет төрағалары Әлнұр Мұсаев, Нартай Дүтбаев пен Кәрім Мәсімов "мемлекеттік құпияны жариялады", "отанға опасыздық жасады", "билікті басып алмақ болды", "қызмет бабын асыра пайдаланды" деген айыптармен істі болған. Олар 7,5 жылдан 18 жылға дейін сотталған.

2022 жылғы Қаңтар қырғынан кейін Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Кәрім Мәсімовтен бөлек оның үш бірдей орынбасары ұсталып, істі болды. Сот процестері жабық өтті.

Ал дүрбелең кезінде ұлттық комитет төрағасының бірінші орынбасары болған, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш тек қызметінен босаған еді. Бірақ кейін оған Қаңтар оқиғасында билігін асыра пайдаланды деген айып тағылып, биыл наурызда ол 8 жылға шартты түрде сотталды. Қаңтар оқиғасынан кейін ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылық құрамы түгел өзгерген. Қазір оған Ермек Сағымбаев төрағалық етеді. Ол бұрын президенттің күзет қызметін басқарған.

Жемқорлықпен күрес ведомствосы да 2003 жылдан бері бірнеше рет реформаланды. Алдымен мемлекеттік кірістер министрлігіне қарады. Кейін экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі болып жеке шықты. Одан соң мемлекеттік қызмет істері министрлігі құрамындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы деп аталды. 2019 жылы маусымда бюро президентке тікелей бағынатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі болған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Күштік құрылым басшылары, министрлер, әкімдер. Түрмедегі үкімет мүшелері

Transparency International ұйымының былтырғы есебі бойынша, Қазақстан жемқорлық индексінде 180 елдің ішінде 88-орында. Кейінгі бес жылда рейтингте бірде көтеріліп, бірде құлдилаған. Баяндамаға қарағанда, белсенді бастамаларға қарамастан, елде сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары. Ұйым Тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары, белсенді азаматтық қоғам және әділ сот болмай жемқорлықты жеңу мүмкін емес дейді.