АҚШ Иранның МАГАТЭ-мен әріптестіктен бас тартуын қабылдауға болмайтын шешім деп атады

Халықаралық атом энергиясы агенттігінің Венадағы ғимараты алдындағы Иран туы

АҚШ Иранның Халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) ынтымақтастықты тоқтату туралы шешімін сынға алды.

Иранның мемлекеттік басылымдары ел президенті Масуд Пезешкиан 2 шілде күні жақында Иран парламенті қабылдаған заңға қол қойғанын хабарлады. Ол заң БҰҰ-ның ядролық қадағалау органымен Иранның өзара ынтымақтастығын тоқтатуды көздейді.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Тэмми Брюс сәрсенбі күні өткен баспасөз брифингінде Тегеранның шешімін "қабылдауға келмейтін" әрекет деп атап, Иранды МАГАТЭ-мен толық ынтымақтастықты дереу қайта қалпына келтіруге шақырды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ МАГАТЭ: Иран уран байытуды жақын арада қайта бастауға қабілетті

29 маусым күні CBS телеарнасына берген сұхбатында МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси Иран байытылған уран өндіруді қайта бастауға қажет техникалық мүмкіндіктерді сақтап отырғанын және бұл өндірісті бірнеше ай ішінде қалпына келтіре алатынын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, АҚШ пен Израильдің Иранның ядролық нысандарына жасаған соңғы шабуылдары айтарлықтай зиян келтіргенімен, ол нысандарды біржолата істен шығармаған.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Пентагон басшысы Пит Хегсет бұған дейін бірнеше рет мәлімдеме жасап, АҚШ-тың әуе шабуылдарына ұшыраған Иран нысандары "толығымен жойылды" деп айтқан болатын.

Сәрсенбі күні Пентагон Иранның ядролық бағдарламасы екі жылға кейінге шегерілді деп мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Медиа: АҚШ Иран шенеуніктерінің америкалық шабуыл жайлы сөзін жазып алған