АҚШ Конгресі Трамп ұсынған "Үлкен әрі керемет" бюджет туралы заңды қабылдады

АҚШ Конгресі Өкілдер палатасындағы пікірсайыс. Вашингтон, АҚШ, 3 шілде, 2025 жыл.

АҚШ Конгресінің төменгі палатасы президент Дональд Трамп ұсынған салықтар мен мемлекеттік шығындар туралы заң жобасын мақұлдады. Бейсенбі күні Өкілдер палатасында дауысқа қойылған заң жобасы аз ғана басымдықпен қабылданды – 218 адам қолдап, 214 адам қарсы дауыс берген.

Заңда әскери шығындарды ұлғайту, мигранттарды жаппай депортациялауға қаржы бөлу және жиынтығы 4,5 триллион доллар болатын салық жеңілдіктерін ұзарту қарастырылған. Сонымен қатар, федералдық азық-түлік көмегі мен аз қамтылғандарға арналған Medicaid мемлекеттік медициналық сақтандыру бағдарламасы секілді әлеуметтік бағдарламаларды қатты қысқарту көзделген. Кейбір есептеулер бойынша, осы өзгерістердің салдарынан 17 миллиондай америкалық азамат медициналық сақтандырудан айырылуы мүмкін.

Демократтардың наразылығына және кейбір республикашылдардың күмән келтіргеніне қарамастан, Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон заңның қабылдануына қол жеткізе алды. Мұндай нәтижеге конгрессмендермен жүргізілген келіссөздер мен Трамптың тікелей араласуы да әсер етті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Нағыз бомба тастайтын уақыт келді". Трамп пен Масктың текетіресі

Шығындарды қаржыландыру ішінара жасыл энергетика мен электромобильдерге берілетін субсидияларды жою есебінен жүргізілмек. Бұл шешім осыған дейін президенттің одақтасы болып келген белгілі миллиардер әрі кәсіпкер Илон Маск пен Трамп арасындағы жария дауға себеп болды.

Маск субсидияларды жоюды "болашаққа балта шабу" деп атап, Ақ үйді әлеуметтік желілерде қатты сынға алды. Егер бұл заң қабылданатын болса, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы күрт өседі деп ескертті Маск.

Трамп жаңадан қабылданған заңды "АҚШ тарихындағы ең маңызды заңдардың бірі" деп атады. Ол заңға 4 шілде, АҚШ-тың Тәуелсіздік күні қол қоятынын мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ сенаты Трамптың "Үлкен әрі керемет" бюджетін мақұлдап, оны Өкілдер палатасына қайта жолдады