АҚШ қаржы министрлігі ресейлік "Аеза Групп" IT-компаниясы мен оның басшылығына қарсы санкциялар енгізілгенін хабарлады. Министрлік шектеу шаралары аталған компанияның "АҚШ-та және бүкіл әлемде кибершабуылдан зардап шеккендерге бағытталған киберқылмыс әрекеттерді қолдаудағы рөліне байланысты" қабылданды деп мәлімдеді.
Хабарламада компания киберқылмыскерлерге әшкере болудан жалтаруға көмектесетін арнаулы серверлер мен басқа да компьютерлік инфрақұрылымдар сатумен айналысатыны айтылған.
Санкцияға "Аеза Групп" IT-компаниясының негізін салушы Арсений Пензев, бас директоры Юрий Бозоян, техникалық директоры Владимир Гаст және компанияның ортақ меншік иесі Игорь Князев ілінді.
Бұған қоса компанияның Ұлыбританиядағы филиалына – Aeza International және Ресейдегі екі еншілес ұйымына – "Аеза Логистик" пен "Облачные решения" жауапкершілігі шектеулі серіктестеріне де шектеу енгізілген.
Биыл сәуір айында Мәскеу соты Юрий Бозоян мен компанияның тағы бірнеше қызметкерін қылмыстық ұйым құрған, оған қатысқан және өзге де қылмыстар жасаған деген күдікпен қамауға алған. Сол кезде Арсений Пензев те тұтқындалған, оған қылмыстық ұйымға қатысуға жәрдемдесті және есірткі сатуға талпынды деген айып тағылған.
Сол кезде Baza телеграм-арнасы "олар атышулы BlackSprut есірткі дүкенін "қамқорлығына алғаны" үшін ұсталған" деп жазған еді. Арнаның мәліметінше, күдіктілер дүкен жұмысына техникалық база ұсынған.