Өзбекстанда Қашқадария облысының 46 жастағы тұрғыны Обид Сапаровқа қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Сапаров бірнеше халықаралық террористік ұйымдардың қызметіне араласқан және Өзбекстан аумағына жасалған зымыран шабуылына қатысқан деп айыпталды.
Өзбекстандық басылымдар тергеу материалдарына сүйеніп, Сапаров 2013 жылдан бастап Қашқадарияда діни-экстремистік "Жиҳодчилар" тобын ұйымдастырған, кейін "Түркістан ислам қозғалысының" және кейін "Хорасан уәлаяты Ислам мемлекеті" (ИМ-Хорасан) террористік ұйымдарының белсенді мүшесіне айналған деп жазды. Ол содырлар қатарына қосылу және олардың қызметіне қатысу мақсатымен Ресей, Әзербайжан, Иран, Ауғанстан, Пәкістан сияқты елдердің шекарасын бірнеше рет кесіп өткен делінеді.
Тергеу деректерінде Сапаров әскери және диверсиялық дайындықтан өтіп, Пәкістан, Ауғанстан үкімет күштерімен және АҚШ коалициялық әскерімен болған қарулы қақтығыстарға қатысқан деп жазылған. 2016 жылдан 2024 жылға дейін ол "Ислам мемлекеті" террористік тобы қанаты астында адам тарту, логистикамен қамтамасыз ету, медиада үгіт-насихат жүргізу және террорлық шабуылдар дайындаумен айналысқан.
Сапаровтың қатысуымен жасалған ең ауыр қылмыстардың бірі — 2022 жылғы 5 шілдеде жасалған зымыран шабуылы. Сол күні Ауғанстан аумағынан Өзбекстанның Сұрхандария облысындағы Термез қаласын нысанаға алып атылған бес зымыран тұрғын үйлер мен қалалық санитарлық қызмет аумағына түскен. Шабуыл салдарынан жергілікті халықтың мүлкі бүлінген. Тергеу барысында Сапаровтың ИМ жетекшілерінің бірінің нұсқауы бойынша, қолдан жасалған реактивті снарядтар сақтаумен, тасымалдаумен және ұшыруға дайындаумен тікелей айналысқаны дәлелденді деп жазды өзбекстандық басылымдар.
Обид Сапаров 2025 жылдың қаңтар айында Пәкістанда ұсталып, кейін Өзбекстанға экстрадицияланған. Сот процесі барысында ол кінәсін жартылай мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтып, үйлі-баранды екенін және бұрын сотты болмағанын ескеруді сұрады. Сот оны Өзбекстанның Қылмыстық кодексінің алты бабы, оның ішінде терроризм, диверсия, конституциялық құрылымға қол сұғу, тыйым салынған ұйымдарға қатысу және экстремистік материалдар тарату баптары бойынша айыпты деп таныды.
Сот Обид Сапаровты 16 жылға бостандығынан айырды, ол жазасын жалпы тәртіптегі қамау мекемесінде өтейді.
Зымыран шабуылы қылмысына айғақ деп танылған зымыран сынықтары Қорғаныс министрлігінің әскери бөліміне тапсырылған. Олар енді Термезге жасалған зымыран шабуылына байланысты қозғалған жеке қылмыстық істе дәлел ретінде пайдаланылмақ.