Әзербайжан ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Бакуде Ираннан есірткі тасымалдап, оны интернет арқылы сатумен және кибералаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері деген күдікпен бірнеше адамды ұстаған.
1 шілде күні Report.az агенттігі алған ақпаратына сүйеніп, ұсталған адамдар – Ресей азаматтары деп хабарлады. Агенттік жариялаған фотоларда жерде жатқан адамдарды қолына кісен салғаннан кейін көшеде әкетіп бара жатқаны көрсетілген.
Ұсталғандардың бірі – үй қызметін көрсететін Airo онлайн платформасының ортақ меншік иесі әрі бас директоры Антон Драчев. Бұл стартапқа МТС венчурлық қоры инвестиция салған деп жазды "Агентство" және "Важные истории" басылымдары. Драчевтің анасы ұлының ұсталғанын растады деп хабарлады "Агентство".
Екінші күдікті – Санкт-Петербургтегі ИТМО университетінің түлегі, 30 жастағы Дмитрий Безуглый деген болжам айтылды. "Важные истории" басылымының дерегінше, ол бұрын VK және Яндекс компанияларында программист болып жұмыс істеген. 2022 жылдың қыркүйегінде Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін елден кеткен.
Сейсенбі күні кешке Баку соты ұсталған сегіз адамның бәрін төрт айға қамау туралы шешім шығарғаны белгілі болды. Сот залында түсірілген суреттерден күдіктілердің беті ісіп, көгеріп қалғаны байқалады.
Дүйсенбі, 30 маусым күні Әзербайжандағы Кремльге жақын "Sputnik Әзербайжан" басылымының редакциясына полиция тінту жүргізген. Осы оқиға аясында бірнеше адам ұсталған. ІІМ алаяқтық, заңсыз кәсіпкерлік және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Ресейдің сыртқы істер министрлігі Әзербайжан елшісін шақыртып, "Бакудің достыққа жат әрекеттеріне және журналистердің заңсыз ұсталуына" байланысты наразылық білдірді.
Бұл оқиғалар 27 маусым күні Ресейдің Екатеринбург қаласында әзербайжан диаспорасы өкілдерін жаппай ұстағаннан кейін Мәскеу мен Баку арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп кеткен шақта өрбіп отыр. Екатеринбургтегі ұстаулар барысында екі әзербайжан азамат қайтыс болған.