CPJ Садыр Жапаровты БАҚ туралы "қауіпті" заңға вето қоюға үндеді

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров

Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) халықаралық ұйымы Қырғызстан президенті Садыр Жапаровты ел парламенті қабылдаған БАҚ туралы жаңа заңға вето қоюға үндеді. Бұл заң барлық басылымдарды мемлекеттік органда тіркелуге міндеттейді және шетелдік заңды тұлғаларға Қырғызстанда ақпарат құралын құруға немесе оған иелік етуге іс жүзінде тыйым салады.

Қырғыз парламенті бұл заңды 25 маусым күні қабылдаған. Депутаттар журналистердің қатысуымен екі жыл бойы дайындалған заң жобасының мәмілелі нұсқасын қабылдамай тастады. Жаңа заң уәкілетті мемлекеттік органға қай БАҚ жұмыс істей алатынын өз бетінше шешуге құқық береді.

"Қырғызстанда БАҚ-қа бұрын-соңды болмаған қысым жасалып жатқан жағдайда заңның соңғы нұсқасына репрессивті нормалардың аяқ астынан қайта енгізілуі үлкен алаңдаушылық туғызады әрі бұл өте қауіпті, – деп мәлімдеді CPJ ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша бағдарламаларының үйлестірушісі Гүлноза Саид. – Біз президент Жапаровты баспасөз еркіндігіне адал екені жайлы айтқан сөзінде тұруға және бұл заңға вето қойып, оны журналистік қауымдастықтың ұстанымдарына сай қайта қарау үшін парламентке қайтаруға шақырамыз".

Биыл сәуір айында жаң жобасының келісілген нұсқасы бірінші оқылымда қабылданған еді. Алайда маусым айының ортасында депутаттар даулы баптарды қайта енгізіп, заң жобасын жеделдетілген тәртіппен – 25 маусым күні бірден екінші және үшінші оқылымда қарап, қабылдап жіберді.

Заң жобасының қоғаммен келісілген нұсқасын дайындауға қатысқан бірнеше журналист пен медиасарапшы билікті мәмілелі нұсқаға қайта оралуға шақырып, үндеу жасады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бішкек соты журналист Қанышай Мамырқұловаға төрт жыл шартты жаза кесті

Егер қазіргі нұсқа бекітілсе, "қандай да бір сыни пікір немесе балама көзқарас білдіргендердің бәрі тіркеуден өте алмайды және оны жариялау мүмкіндігінен айырылады", – деп мәлімдеді қырғызстандық Media Action Platform атты бастаманың өкілі Семетей Аманбеков Азаттық радиосын берген сұхбатында. Оның пікірінше, бұл заң Қырғызстанда іс жүзінде журналистиканың жойылуына алып келмек.

Президент Садыр Жапаров осыған ұқсас заң жобасын 2024 жылы наурызда журналистер мен халықаралық құқық қорғау ұйымдарының қатаң сынынан кейін кері қайтарған.

Бұрын Орталық Азиядағы баспасөз еркіндігінің үлгісі саналған елде БАҚ туралы жаңа заң Қырғызстанда тәуелсіз журналистикаға қысым күшейіп жатқан шақта қабылданып отыр.

Өткен аптада Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы да Қырғызстан президентін БАҚ еркіндігі мен азаптауларды тәуелсіз қадағалауға қауіп төндіретін заңдарға вето қоюға үндеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ HRW Қырғызстан президентін БАҚ еркіндігі мен азаптауға қарсы тәуелсіз бақылауға қатер төндіретін заңдарға вето қоюға үндеді