Екатеринбургте әзербайжан диаспорасының басшысын ұстап, кейін босатты

Ресейдің Екатеринбург қаласында "Әзербайжан-Орал" ұйымының басшысы Шахин Шихлинский ұсталған. Бұл ақпаратты әзербайжан диаспорасы жетекшісінің ұлы, адвокат Мутвалы Шихлинскийдің сөзіне сүйеніп, УРАЛLIVE телеграм-арнасы жариялады.

Оның айтуынша, ұсталмас бұрын әкесін терезесі күңгірт көлік мінген әлдебіреулер аңдыған. Baza телеграм-арнасының дерегінше, Шахин Шихлинскийді "Баку Плаза" сауда орталығының маңында ұлымен қоса ұстаған, бірақ кейін ұлын босатқан.

"Маған қарай бірнеше автозак жетіп келді. Ішінен, менің білуімше, Ресей ФСБ-сының (қауіпсіздік қызметі - ред.) қызметкерлері шықты. Олар көліктің терезесін шағып, бізге тапанша кезеніп, "шық!" деп бұйырды. Әкем екеуіміз көлікте отырғанбыз. Біз, әрине, еш қарсылық көрсетпей, көліктен шықтық. Бізді асфальтқа жатқызып, кейін автозакқа тиеп, белгісіз жаққа алып кетті. Кейін мені босатты, ал әкемді, менің білуімше, Свердлов облысы бойынша Ресей Тергеу комитеті басқармасына апарған", – деген Мутвалы Шихлинский.

Жауап алғаннан кейін Шахин Шихлинскийді босатқан, ол куәгер мәртебесінде қалды. Бұл істің егжей-тегжейі әзірге белгісіз.

Сол күні Воронеж қаласында полиция қызметкерлері әзербайжандық кәсіпкер Юсиф Халиловтың үйіне барған. Baza дерегінше, "Ярды Superbar" мейрамханасының қожайыны Халиловты Алексеев базарының ортақ меншік иесі деп те атайды.

Хабарларға қарағанда, құқық қорғау органдары Шихлинскийден бірнеше күн бұрын, Екатеринбургте рейд өткен кезде жауап алған. Сол рейд барысында тегі әзербайжан 50-ден астам адам ұсталған. 2001 жылы болған кісі өлтіру қылмысына байланысты күдікке ілінген ағайынды екі адам – 60 жастағы Гусейн мен 55 жастағы Зияддин Сафаровтар қаза тапты. Оған қоса рейд кезінде тағы екі адам қатты зардап шеккен.

Кейінірек Екатеринбург соты рейд кезінде ұсталған бес адамды тергеу абақтысына қамауға санкция берді. Тергеу долбары бойынша, олар 2001, 2010 және 2011 жылдары Екатеринбург аумағында жасалған бірнеше кісі өлтіру мен адам өлтіруге оқталу қылмыстарына қатысы бар деген күдікпен ұсталған.

Ресми Баку Мәскеуден әзербайжан диаспорасы өкілдеріне күш қолданғандарды жауапқа тартуды талап етті. Әзербайжанның Бас прокуратурасы азаптау және ерекше қатыгездікпен жасалған қасақана кісі өлтіру баптары бойынша қылмыстық іс қозғағанын жариялады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Баку соты "Sputnik Әзербайжан" агенттігінің басшысы мен редакторын төрт айға қамады

Екатеринбургтегі полиция рейдінен кейін Әзербайжан билігі ел аумағында Ресейдің мемлекеттік және жекеменшік мекемелері ұйымдастырмақ болған барлық мәдени іс-шараларға тоқтау салды. Оған қоса Әзербайжанның парламенттік делегациясы Ресей заң шығарушыларымен бірге қатысады деп жоспарланған Мәскеудегі жиынға барудан бас тартты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Әзербайжан полициясы Бакуде есірткіге қатысты іс бойынша бір топ ресейлікті ұстағанЕкі әзербайжандықтың қазасына қатысты Ресейде және Бакуде жасалған сараптамалар сәйкеспейдіБакуде ресейлік RT телеарнасы бөлімшесінің журналисі ұсталғанБакуде полиция "Sputnik Әзербайжан" кеңсесінде тінту жүргіздіӘзербайжан Ресеймен байланысты барлық іс-шараны тоқтаттыБаку Екатеринбургтегі әзербайжандарға жасалған рейдтерге байланысты наразылық білдірді