ХАМАС Трамптың ұсынысын "зерттеп жатыр", Нетаньяху ХАМАС-ты жоюды талап етеді

Газадағы қираған үйлер мен ұясына батып бара жатқан күн. Израиль жақтан түсірілген сурет. 1 шілде, 2025 жыл.

АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған палестиналық ХАМАС радикал тобы 2 шілде күні жасаған мәлімдемесінде АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған Газа секторындағы соғысты тоқтату жоспарын "зерттеп жатқанын" хабарлады. ХАМАС бұл ұсынысты Египет пен Қатар елдерінің араағайындығымен алғанын растап, Газадағы соғысты тоқтататын келісімге қол қоюға дайын екенін мәлімдеді.

Алайда, ХАМАС жасалуы ықтимал келісімнің негізгі шарты ретінде Израиль әскері Газадан толық шығарылсын деген талап қойып отыр.

Сәрсенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС-ты жою керек деп көптің көзінше мәлімдеді. "ХАМАС енді болмайды. Хамастан тарихта ғана қалады", – деді Нетаньяху.

Нетаньяху 7 шілдеде Вашингтонда АҚШ президенті Трамппен кездеспек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Израиль Газада 60 күндік бітім жариялауға келіскенін айтты

Бұған дейін Трамп АҚШ өкілдерімен "ұзақ әрі нәтижелі" кездесу өткізген соң, Израиль Газа секторында 60 күндік уақытша бітім жариялаудың негізгі шарттарымен келіскенін хабарлаған. Бұған қоса, Трамп ХАМАС бұл келісімді қабылдайды деп үміттенетінін айтып, егер олай болмаса, жағдай одан сайын ушығатынын ескерткен.

Израильде ХАМАС-қа қарсы соғысты аяқтауды талап еткен қоғамдық қысым артып келеді. Бұл әскери операция 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС Израильге тұтқиылдан шабуыл жасап, 1200-ден астам израильдікті өлтіріп, 250-ден аса адамды тұтқындап, Газа секторына күштеп алып кеткеннен кейін басталған. Израиль оппозициясы, тіпті билеуші коалицияның бір бөлігі қарсы болған жағдайда да, ХАМАС-пен мәмілеге келуді қолдауға дайын екенін мәлімдеген. Израиль билігінің болжамы бойынша, Газада ХАМАС-тың қолында қалып отырған 50 шақты адамның шамамен 20-сы әлі тірі болуы мүмкін.

Газа секторындағы жағдай бойынша жүргізіліп жатқан келіссөздермен таныс дереккөздердің айтуынша, Трамптың кейінгі ұсынысында ХАМАС 60 күнге әскери іс-қимылды тоқтатқан кезеңде кепілде қалып отырған 10 тірі израильдік тұтқынды босатып, 18 марқұмның сүйегін Израильге қайтарады деген шарт бар. Қалған тұтқындар Газа секторында атысты доғару жөніндегі тұрақты режим орнағаннан кейін босатылады деп көрсетілген.