Курск облысында Ресей әскери-теңіз күштері қолбасшысының орынбасары генерал Михаил Гудков қаза тапты

Ресейдің әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Михаил Гудков

Ресейдің Курск облысында осы елдің әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Михаил Гудков қаза тапты. Әскери басшының қазасын растаған Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Гудков 2 шілде күні Курск облысының шекараға жақын бір ауданында жауынгерлік міндетін орындау барысында қаза болған.

Мұның алдында Приморье өлкесінің губернаторы Олег Кожемяко генерал Гудковтың мерт болғанын хабарлаған. Оның айтуынша, Гудков "офицерлік борышын қарулас әріптестерімен бірге орындау кезінде қаза тапқан". Қаза болғандар арасында Кожемяко офицер Нариман Шихалиевтің де есімін атады.

Бірқатар телеграм-арналар Гудков Украина қарулы күштерінің ресейлік командалық пунктке жасаған шабуылы нәтижесінде он офицермен бірге қаза тапқан деп жазды. Оқиға Ресей мен Украина шекарасына жақын орналасқан Коренево кенті маңында болған.

"Тайфун" деп аталатын бүкілресейлік теңіз жаяу әскері қоғамдық бірлестігі жариялаған қазанамада (қазір ол парақша "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде ашылмай қалды) 2 шілде күні Украина қарулы күштері 155-жеке теңіз жаяу әскері бригадасының командалық пунктіне зымыранмен шабуыл жасағаны айтылған. Коренево маңында төрт зымыран түскені тіркелген. Соның салдарынан оннан астам адам қаза тапқан, олардың арасында Михаил Гудков пен бірнеше жоғары лауазымды офицер болған.

• Генерал-майор Михаил Гудков бұған дейін Тынық мұхиты флотының 155-жеке гвардиялық теңіз жаяу әскер бригадасын басқарған. 2025 жылғы наурыз айында ол Ресей әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары қызметіне тағайындалды – бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин "Архангельск" атом сүңгуір қайығы экипажымен кездескен кезде хабарлаған еді. Михаил Гудковқа "Ресей батыры" және "Приморье батыры" атақтары берілген.

Your browser doesn’t support HTML5

Украина Ресей басып алған аймақтарға шабуылды күшейтті. Соғыс жаңалықтары