Қарақалпақстан астанасы Нөкісте қантөгіске ұласқан жаппай наразылықтардан бері үш жыл өтті. Осыған орай бірқатар халықаралық ұйымдар Өзбекстан билігін зорлық-зомбылыққа жауапты адамдарды жауапқа тартуға және қаза тапқандар мен зардап шеккендерге қатысты әділдікті қамтамасыз етуге шақырып, тағы да үндеу жасады.
Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Риттман Нөкістегі қайғылы оқиғалардан бері үш жыл өтсе де, жауапкершілік мәселесі әлі шешілмегенін айтты.
"Өзбекстан үкіметі 2022 жылдың шілде айында Қарақалпақстанда болған оқиғаларды жасырып, ұмыт қалдырғысы келеді. Алайда наразылық білдірген халыққа шамадан тыс күш қолдану және адамдардың қаза табуы сияқты заң бұзу оқиғалары үшін жауапқа тарту талабы үш жыл бұрынғыдай қазір де өзекті болып қала бермек. Оқиғалардан кейін АҚШ, Еуропа одағы, Ұлыбритания және БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссары сында халықаралық серіктестер ресми Ташкентті тәуелсіз тергеу жүргізуге шақырды. Сондықтан олардың бұл талапты қайта жаңғыртып, Қарақалпақстандағы құқық бұзушылықтарға кінәлілерді жауапқа тартуға және Дәулетмұрат Тәжімұратовты босатуға үндеуі өте маңызды болмақ", – деді Риттман.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Нөкіс оқиғасынан кейінгі екі жылда не өзгерді?2025 жылғы 1 шілдеде CIVICUS Monitor платформасында жарияланған есепте, Адам құқықтары бойынша халықаралық әріптестік ұйымы (IPHR) мен Орталық Азиядағы адам құқықтары қауымдастығы (AHRCA) қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың тағдырына қатты алаңдайтынын білдірді.
Есепте Тәжімұратов түрмеде азаптаудан, қорқытып-үркіту мен қорлаудан көз ашпай отырғаны айтылған.
"16 жылға бостандығынан айырылған адвокат, журналист әрі құқық қорғаушы Дәулетмұрат Тәжімұратовтың жағдайы қатты алаңдатады. Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, түрме қызметкерлері мен басқа сотталғандар оны үнемі ұрып-соғып, қорлап, басқадай да азаптап, күн бермейді. 2025 жылы наурызда адвокаты Тәжімұратовтың денсаулығы мен түрмедегі жағдайына байланысты мәлімдеме жасады. Ал 2025 жылы мамырда оны қайтадан азаптап жатқаны туралы жаңа хабарлар тарады. Халықаралық сарапшылар мен құқық қорғаушылар бұл іске байланысты бірнеше рет алаңдаушылық білдірді", – деп мәлімдеді AHRCA басшысы Надежда Атаева
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ БҰҰ жұмыс тобы қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың ісін қарады2022 жылы Өзбекстан билігі референдумға шығаруға ұсынған Конституцияның жаңа жобасында Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптардың болмауы Қарақалпақстанда елдің наразылығын туғызды. Сол жылы шілде айының 1-2 күндері Қарақалпақстанда мыңдаған адам көшеге шығып, Ташкенттің Конституцияны қайта жазу және Қарақалпақстанды референдум арқылы Өзбекстан құрамынан шығу құқығынан айыру жоспарына қарсылық білдірді.
Өзбекстан күштік құрылымдары наразыларды тарату үшін қару қолданып, кей деректер бойынша, 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған. Көтеріліс Қарақалпақ астанасы - Нөкісте басталғандықтан, ол "Нөкіс оқиғасы" аталып кетті. Қантөгістен кейін Ташкент даулы өзгертулерді Конституцияға енгізу жоспарынан бас тартты, есесіне қарақалпақ белсенділерді Отанында да, шетелде де қудалауды күшейтті.
Қарақалпақ тілінде шығатын "Ел қызметинде" газетінің бұрынғы бас редакторы Дәулетмұрат Тәжімұратов – Қарақалпақстандағы наразылықтың жетекшілерінің бірі ретінде танылған. 2023 жылы қаңтарда Өзбекстан соты оны "конституциялық құрылымды құлатуға ұмтылған", "жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырған", "билікті басып алу үшін астыртын сөз байласқан" деген айыптар бойынша 16 жылға бостандығынан айырған. Оның түрмеде азапталғаны туралы арыз-шағымдары мен халықаралық құқық қорғау ұйымдарының Тәжімұратовты қамаудан дереу босату туралы талаптары билік елеусіз қалдырды.