Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қоғамдық орында ниқабқа тыйым салатын билік шешіміне түсіністік танытуға үндеді

Алматының орталық мешітіне Құрбан айт намазына келген жамағат. 12 қыркүйек, 2016 жыл.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қоғамдық орында ниқабқа тыйым салатын үкімет шешіміне қатысты мәлімдемесін ресми сайтында жариялады.

Діни басқарма мәлімдемесінде қоғамдық орында адамның бет-әлпетін толық жабатын киім (оның бірі ниқаб) киюге тыйым салатын шешім "қандай да бір діни сенімді немесе жеке таңдауды шектеу үшін емес, ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отырғаны" айтылған. ҚМДБ қазіргі кезде әлемнің көптеген елі, оның ішінде мұсылман елдері де қауіпсіздік мақсатында осындай ұстаным қабылдап жатқанын айтқан.

"Құран аяттары мен хадисте баяндалғандай, әйел кісілер бет-жүзін жабуға немесе бүркемелеуге міндеттелмеген. Бұл халқымыздың дәстүрінде де көрініс таппаған", – деген мұсылмандар діни басқармасы мәлімдемесінде.

Қоғамдағы тұрақтылық, ынтымақ пен бірлікті басты құндылықтардың бірі деп бағалайтынын, ислам діні де қоғаммен жарасымды өмір сүруді, тәртіпке бағынып, мемлекеттің тыныштығына үлес қосуды насихаттайтынын айта келе, діни басқарма жамағатты "заңға түсіністікпен қарап, ортақ игілік жолында бірлікті бекемдеуге" үндеген.

30 маусым күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған "Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы" заңға енгізілген өзгерістер көпшілік жерде адамның бетін тұмшалайтын ниқаб пен пәренжі сияқты діни киімдерді киюге шектеу қояды. Құжатты әзірлеген ішкі істер министрлігі заңға бұл өзгеріс қауіпсіздік мақсатында енгізіліп отыр деп түсіндірген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан ниқаб, пәренжі сияқты бет-әлпетті жабатын киімді тыйды. Бұл дін еркіндігін бұзбай ма?