Ресей "Талибан" жариялаған Ауғанстан Ислам Әмірлігін ресми түрде мойындады

Ресейдің Кабулдағы елшісі Дмитрий Жирнов (сол жақта) Ауғанстан сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Әмір Хан Муттакиге Ресей үкіметі Ауғанстан Ислам Әмірлігін ресми түрде мойындайтыны туралы Мәскеудің шешімін табыс етіп тұр. Кабул, 3 шілде, 2025 жыл.

Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденко "Талибан" қозғалысы бақылауындағы Ауғанстанның Ресей Федерациясындағы жаңадан тағайындалған елшісі Гүл Хасаннан сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.

Мұндай ақпаратты 3 шілде күні Ресей сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Осылайша Ресей әлемнің көптеген елінде террористік ұйым ретінде тыйым салынған "Талибан" қозғалысы жариялаған Ауғанстан Ислам Әмірлігін әлемде бірінші болып ресми түрде мойындады.

Қазір Ауғанстанның Мәскеудегі елшілігі ғимаратына "Талибан" қозғалысы енгізген Ауғанстанның мемлекеттік туы ілінген.

Бейсенбі күні Ресейдің Кабулдағы елшісі Дмитрий Жирнов Ауғанстанның сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Әмір Хан Муттакиге жолықты. Кездесуде елші Жирнов Муттакиге Ресей үкіметі Ауғанстан Ислам Әмірлігін ресми түрде мойындайтыны туралы Мәскеудің шешімін табыс еткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Астана "Талибанды" неліктен террористік ұйым тізімінен шығарды?

"Талибан" қозғалысы Ресейде 2003 жылы террористік ұйымдар қатарына енгізілген еді. Ресей сотының қаулысында тәліптердің Шешенстан мен Орталық Азия елдеріндегі заңсыз қарулы топтармен байланысы бары және террористік топтармен тығыз қарым-қатынас жасайтыны жазылған болатын. Ресей сол кезде Ауғанстанда "Талибанға" қарсы операция жүргізген АҚШ пен оның одақтастарына белгілі бір дәрежеде қолдау көрсеткен.

Осыдан тура бір жыл бұрын, 2024 жылдың 4 шілдесі күні Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитінің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Ресей президенті Владимир Путин Талибан қозғалысын "Мәскеудің терроризммен күрес бойынша одақтасы" деп атаған. Сол жылы желтоқсан айында Ресей Мемлекеттік думасы Талибанды террористік ұйымдар тізімінен алып тастауға мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдады.

Ал биыл 17 сәуірде, Ресей Жоғарғы соты Талибанның қызметіне салынған тыйымды ресми түрде алып тастады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей Жоғарғы соты "Талибанның" қызметіне тыйым салуды тоқтатты

Ауғанстанды іс жүзінде билеп отырған "Талибан" үкіметін халықаралық қауымдастық мойындамаса да, бірсыпыра ел де-факто олармен белгілі бір дәрежеде қарым-қатынас орнатқан. Кейінгі жылдары Орталық Азиядағы постсоветтік мемлекеттер де "Талибан" қозғалысымен сауда-экономикалық байланысын дамытуға тырысып келеді.

Қазақстанда "Талибан" қозғалысы сот шешімімен "террористік ұйым" деп танылып, ұзақ уақыт бойы тыйым салынған ұйымдар тізімінде болған еді. Былтыр маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан тәліптер режимін террорлық ұйымдар тізімінен алып тастады. Өйткені қазіргі Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды әрі бүгінгі режим ұзақмерзімді фактор болады деп ойлаймыз" деп мәлімдеген.

2021 жылы мамырда АҚШ бастаған Батыс елдері коалициясы Ауғанстанда 20 жыл болған әскерін шығаруды бастаған. 1996-2001 жылдар аралығында Ауғанстанда билік құрған "Талибан", АҚШ пен одақтастарының әскері ел аумағынан толық шығып үлгермей жатып, аудандар мен қалаларға қайта бақылау орнатты. 2021 жылғы 15 тамызда тәліптер Кабулға кіріп, билікті өз қолына алды. Ол кезде Ресейдің дипломатиялық өкілдігі сияқты, Қазақстанның Кабулдағы елшілігі де жұмысын тоқтатпаған.

"Талибан" билікке қайта келген соң Ауғанстанда біртіндеп шариғат ережелерін енгізе бастады. Бұл елде адам құқығы, бірінші кезекте әйел құқығы жаппай бұзылып жатқаны жөнінде ақпарат жиі жарияланады. Тәліптер қыз балалардың білім алу, әйелдің қоғамдық орында жүру және жұмыс істеу құқығын шектейді. "Талибан" саясатымен келіспегендер қатаң қудаланады.

БҰҰ әйелдер құқығы бұзылып жатқан Ауғанстандағы жағдайды "гендерлік апартеидке" теңеген әрі адамзатқа қарсы қылмысқа жатқызған.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы "Талибан" қозғалысы Ауғанстандағы әйел құқығы ахуалын айтарлықтай дағдарысқа ұшыратты деп мәлімдеген.