Ресей Норвегия Хельсинки комитетін "тілектес емес ұйым" деп таныды

Норвегияның Хельсинки комитетінің белгісі

2024 жылғы 24 маусымда Ресей Бас прокуратурасы Мемлекеттік дума депутаты Андрей Луговойдың талап етуімен Норвегияның Хельсинки комитетін (Den Norske Helsingforskomité) Ресейге "тілектес емес ұйым" деп таныды.

Мұндай ақпаратты Луговойдың өзі хабарлады. Ол Ресейдің бас прокуроры Игорь Красновқа жолдаған үндеуінде Норвегияның Хельскинки комитетін "Совет одағы мен социалистік лагерь елдеріне қарсы әрекет еткен, Батыстың арнаулы қызметтерінің құралы" деп атады. Оның сөзінше, НХК бұл әрекеттерінде "диссидент" деп аталатын ерекше санаттағы азаматтарды қолданған.

Ресей мемлекеттік думасының депутаты Андрей Луговой. Мәскеу, 11 қыркүйек, 2023 жыл.

Бұған қоса депутат Луговой Норвегияның Хельскинки комитетін "Ресей қарулы күштерінің 1990-2000 жылдары Шешен Республикасындағы және кейінгі жылдары Украинадағы іс-қимылдарынан ұқсастықтар іздеп тыраштанып жүр" деп айыптады.

Норвегияның Хельсинки комитеті – 1977 жылы Осло қаласында құрылған коммерциялық емес ұйым. Ол 1975 жылы 35-тен астам мемлекет қол қойған Хельсинки келісімдеріне сүйеніп жұмыс істейді. Бұл келісімдерде адам құқықтарын сақтау – әлем елдері арасындағы бейбітшілік пен ынтымақтастықтың негізгі шарты деп танылған.

Ресей мемлекеттік думасының депутаты, 58 жастағы Андрей Луговой кезінде әскери оқу орнын бітіріп, советтік қауіпсіздік комитетінде (КГБ) қызмет атқарған. Британ тергеушілері мен Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты (ECHR) Андрей Луговойды Ресей қауіпсіздік қызметінің бұрынғы офицері Александр Литвиненконың қазасына күдікті ретінде көрсеткен. Ресей президенті Владимир Путин мен оның билігін сынаушы ретінде танылған Александр Литвиненко 2006 жылы Лондонда қастандықпен у беріп өлтірілген.

Луговой өзіне тағылған айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, оларды "саяси астары бар, ешқандай негізсіз жала" деп атаған.

АҚШ билігі 2017 жылы Андрей Луговойды "Магнитский тізіміне" қосқан.