Ресей қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Тимур Иванов 13 жылға сотталды

Ресей қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары генерал Тимур Иванов Мәскеудің Басман сотында тұр. 24 сәуір, 2024 жыл. Соттың баспасөз қызметі таратқан фото.

Мәскеу қалалық соты 1 шілде күні Ресей қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Тимур Ивановты қаржы жымқыру және қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру қылмыстарын жасағаны үшін айыпты деп танып, 13 жылға бостандығынан айыруға үкім шығарды. Иванов жазасын жалпы тәртіптегі қамау мекемесінде өтейді.

Сот Ивановқа 100 миллион рубль көлемінде айыппұл салып, оны мемлекеттік наградаларынан – II дәрежелі "Отанға сіңірген еңбегі үшін" орденінен және "Ресейдің құрметті құрылысшысы" атағынан айырды.

Осы іспен байланысты екінші айыпталушы – ресейлік "Оборонлогистика" компаниясының бұрынғы басшысы Антон Филатов 12 жарым жылға бостандығынан айырылып, сот оған да айыппұл салды.

Ивановтың адвокаттары "Интерфакс" агенттігіне сот үкіміне келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеген.

Ресейлік РБК басылымының хабарлауынша, сот үкіміне сәйкес, айыпталушылардың Керчь өткеліне арналған паромдар сатып алу кезінде 216,6 миллион рубльді заңсыз иемденіп кеткені, сондай-ақ банкротқа ұшыраған "Интеркоммерц" банкіне тиесілі 3,9 миллиард рубльді жымқырып, заңдастырғаны дәлелденген.

Қосымша жаза ретінде сот прокуратураның өтінішін қанағаттандырып, бұрынғы вице-министрдің құны 2,5 миллиард рубльден астам деп бағаланған мүлкін тәркілеу жөнінде шешім қабылдады. Ол мүліктерге Рублёв тас жолындағы жер телімдері, автокөліктер және банк шоттарындағы қаражат та кіреді.

• Сот бұл қылмыстық істі қарауға наурыз айында кіріскен. Екі айыпталушы да өздеріне тағылған айыпты мойындамады. Прокуратура өкілдері соттан 49 жастағы Тимур Ивановты 14,5 жылға, ал Антон Филатовты 14 жылға қамауды сұраған.

• Тимур Иванов 2024 жылдың сәуір айынан бастап қамауда отыр. Бұл істен бөлек оған аса ірі көлемде пара алған деген екі эпизод бойынша да айып тағылған. Ол істер бойынша үкім әлі шыққан жоқ.