"Шекарасыз тілшілер" ұйымы Қазақстан Айдос Садықовтың қазасы жайлы үнсіз отырғанын айтты

2024 жылдың жазында Киевте қастандықпен өлтірілген қазақстандық оппозициялық журналист, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықов

2024 жылдың жазында Украина астанасында қастандықпен өлтірілген қазақстандық оппозициялық журналист, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовтың қаза тапқанына бір жыл толуына байланысты "Шекарасыз тілшілер"(Reporters sans frontières, RSF) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанды қылмысты тергеуде Украинамен әріптестік орнатуға үндеді.

1 шілде күні RSF сайтында "Журналисті атып кетті, мемлекет үнсіз отыр: Қазақстан Айдос Садықовтың өлтірілуіне қашан елең етеді?" деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды.

– "Шекарасыз тілшілер" Украинада қорқақ әрі пасық қастандықтың құрбаны болған, қазақ тәуелсіз журналистикасының символына айналған Айдос Садықовтың рухына тағзым етеді. Бұл қылмыс жазасыз қалмауға тиіс. Қазақстан бұл оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, кінәлілер мен олардың артында тұрғандарды табу, тұтқындау және қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Украинада жүріп жатқан алдын ала тергеуге толық көлемде көмек көрсетуге міндетті. Садықовтың жары, журналист Наталья Садықова бұл іске байланысты нақты жауаптар алуға лайық, ал оны қорқытып-үркіту дереу тоқтатылуы керек. RSF Украина билігін оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады", - деді RSF ұйымының Украинадағы аймақтық өкілі Полин Мофре.

Халықаралық ұйым марқұм күйеуінің ісін жалғастырып, "Бәсе" YouTube-арнасын жүргізіп жүрген журналист Наталья Садықованың: "Мен саясаткер емес, журналистпін. Мен бар болғаны Айдосты өлтіргендер жауапқа тартылғанын қалаймын", – деген сөзін келтірген.

2024 жылдың жазында Украина астанасында қастандыққа ұшыраған қазақстандық оппозициялық журналист Айдос Садықов 13 күн ауруханада ес-түссіз жатып, есін жимастан жан тапсырды. Былтыр 18 маусымда әйелі және үш баласымен Киевте тұрып жатқан үйіне келген Садықовты көлікте отырған жерінде киллер атып кеткен.

Украина полициясы бұл қылмысқа күдікті ретінде Қазақстанның екі азаматы – Алтай Жақанбаев пен бұрынғы полиция қызметкері Мейрам Қаратаевты атады. Садықовқа қастандық жасалғаннан кейін Украинадан шығып кеткен ол екеуінің үстінен украин билігі "тапсырыспен кісі өлтіру" бабы бойынша іс қозғаған.

Қазақстан бас прокуратурасы Жақанбаев өз еркімен елге келіп берілді деп мәлімдеді. Кейін жергілікті жаңалық сайттары оның ешқайда кетпейтіні туралы қолхат беріп, қамаудан босап шыққанын хабарлады. Ал Қаратаев туралы ақпарат жоқ. Қазір екі күдіктінің де қайда екені белгісіз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Айдос Садықовқа қастандық: "Шекарасыз тілшілер" қазақ билігіне үндеу жолдады