Украина президенті Владимир Зеленский елдің ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің Украина жаяу әскерге қарсы миналарды қолдануға тыйым салатын конвенциядан шығатыны туралы шешімін күшіне енгізетін жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Жоғарғы Раданың ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитетінің хатшысы Роман Костенко хабарлаған.
"Бұл – соғыс шындығы әлдеқашан талап еткен қадам. Ресей бұл конвенцияның тарапы емес және біздің әскери қызметкерлер мен бейбіт тұрғындарымызға қарсы миналарды жаппай қолданып жүр. Жау ешқандай шектеусіз әрекет етіп жатқанда, біз өзімізді байлап қоюға жол бере алмаймыз", – деді Костенко. Ол бұл мәселені енді Жоғарғы Рада қарастыруы тиіс екенін айтты.
Құжат мәтіні Украина президентінің ресми сайтында жарияланды.
Бұған дейін осы аптада Литва мен Эстония Оттава шартынан шығатынын БҰҰ-ға ресми түрде хабарлаған. Бұл елдер БҰҰ-ны ескерткеннен кейін алты ай өткен соң конвенция мүшесі болуды ресми түрде доғарады.
Балтық елдерінің барлығы, Польша мен Финляндия да осы шарттан шығуға ниетті екенін мәлімдеді. Аталған елдердің барлығы Ресеймен шектеседі және Ресей Оттава шартына ешқашан қосылған емес. Ол елдер өз шешімін аймақта НАТО мүшелерінің қауіпсіздік жағдайы нашарлағанымен түсіндірді.
• Оттава шарты жаяу әскерге қарсы миналарды әзірлеуге, қолдануға, сақтауға және таратуға тыйым салады. Бұл конвенцияға 1997 жылы Оттава қаласында 122 елдің өкілдері қол қойған. Оған қатысушы елдер "жаяу әскерге қарсы миналар туғызатын азап пен қайғы-қасіретке нүкте қоюға бел байлағанын" мәлімдеп, қарудың осы түрінен ең көп зардап шегетіндер – бейбіт тұрғындар екеніне назар аударған. Құжатта жаяу әскерге қарсы миналарды қолданудан толық бас тарту, оларды өндіру мен жинақтауды тоқтату, барлық қорларды (тек минадан тазарту оқытуына қажет аздаған бөлігінен басқасын) жою және миналанған аумақтарды тазарту көзделген.
Ресей де, АҚШ та, Қытай да Оттава шартына қосылмаған.
Украина Оттава шартына 2005 жылы қосылды және Ресей 2022 жылы кең көлемді басқыншылық соғыс ашқанға дейін Украина өзіндегі мина қорларының елеулі бөлігін жойып үлгерген. Миналарды жою Донбаста соғыс болып жатқан кезде де жүргізілген.