Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысы, Жамбыл облысының бұрынғы әкімі және Қазақстанның Қырғызстандағы бұрынғы елшісі Кәрім Көкірекбаевқа айыптау үкімін жариялады. Оның орынбасары болып істеген Әділет Ақатаев пен кәсіпкер Андрей Поплавский де заң алдында жауапқа тартылды.
Сот тыңдауына қатысқан алқа билер үшеуі де айыпты деген ұйғарым шығарды.
- Кәрім Көкірекбаев 12 жылға бостандығынан айырылды;
- оның орынбасары болған Әділет Ақатаев пен мердігер кәсіпкер Андрей Поплавский (жоспарланған жұмыстарды орындамағаны үшін) әрқайсысы 11 жыл түрме жазасын алды;
- сот үшеуін де мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырды.
Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.
Көкірекбаев пен Ақатаевқа 800 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған деген айып тағылды. Ал Bazis Construction Infr компаниясының бас директоры пара бергені үшін жауапқа тартылды.
2022 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі Кәрім Көкірекбаевтың ұсталғанын хабарлаған. Ол кезде Көкірекбаев "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің басшысы болатын.
2023 жылы мамыр айында Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі қылмыстық іс бойынша күдіктілер кәсіпкерлерді "қанатының астына алып, "Қорғас өзені арнасын қалыптастыру және қорғаныс құрылымдары", "Ақсай өзені жағалауын бекіту және бөгеттер салу" нысандары бойынша жұмыстар атқарылғаны жайлы актілерге қол қою үшін ірі және аса ірі көлемде пара алған деген айыптар тағылғанын жария етті.
2024 жылдың маусым айында алқа билердің қатысуымен өткен сот Кәрім Көкірекбаевты қылмыстық істегі барлық айыптаулар бойынша ақтаған. Ал оның орынбасары мен Bazis Construction Infr компаниясы филиалының директоры пара алған және берген деген айыптармен ұзақ мерзімге сотталды.
Алайда сол жылдың шілде айында бұл үкім жойылды. Оған алқа билерге сұрақтар қойылғанда заң талаптары бұзылған, айғақ-дәлелдердің жарамдылығы дұрыс бағаланбаған және үкімнің сипаттамалық бөлігі резолюциялық бөлігіне сай емес деген себептер айтылған.
67 жастағы Кәрім Көкірекбаев 2019-2022 жылдар аралығында "Қазселденқорғау" мекемесінің төрағасы болған. Оған дейін Қазақстанның Қырғызстандағы төтенше және өкілетті елшісі, 2013 жылғы желтоқсаннан 2018 жылғы қаңтарға дейін Жамбыл облысының әкімі қызметтерін атқарған.
Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесі сел, қар және топырақ көшкіні сияқты табиғи апаттардың алдын алу, олардың салдарын жою, бақылау және ескерту қызметтерін қамтамасыз ету жұмыстарын атқарумен айналысады.